Фэйт Обилор: «Жақын арада Қазақстанға оралатын шығармын»
Қорғаушы «Тараздың» өткен маусымдағы ең үздік ойыншысы атанған еді.
![](https://photobooth.cdn.sports.ru/preset/post/f/1f/bb8f63c394070b979c782a5ff9ec4.jpeg?f=webp&q=90&s=2x&w=730)
«Тараздың» нигериялық қорғаушысы Фэйт Обилор клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында маусымды қорытындылап, жамбылдық клубқа қайта оралу мүмкіндігі туралы айтты.
– Спорт басылымының нұсқасы бойынша команданың үздік ойыншысы деп танылуыңызбен құттықтаймын.
– Рахмет, бұл үшін өте қуаныштымын және маған сенген жандарға алғысымды білдіремін. Бұл ретте біздің команданың ойынына бірнеше ойыншылар өз әсерін тигізді деп ойлаймын.
– «Тараз» клубындағы өміріңіз қалай өтті?
– Мен «Таразда» өте жақсы уақыт өткіздім, маған айналамдағы адамдар мен керемет атмосфераны құрған жанкүйерлер ұнады.
– Клубтағы жағдай көңіліңізден шықты ма?
– Жалпы, бәрі жақсы. «Тараз» клуб ретінде өз көрсеткішін жақсартты, өйткені өткен маусымның басында біз қарапайым клубтың турнирлік кестенің басында тұра алатынын дәлелдедік.
– Кейбір инсайдерлер сізді клуб басшыларының өтірігі үшін және жалақыны төлемегені үшін «Тараздан» кетті деп жатыр? Клубтан кетуіңіздің нақты себептері қандай?
– Мен Нигерияда өмір сүретін отбасыма келдім, өйткені «Таразбен» келісім-шартым бір жылға ғана жасалған еді. Клуб басшылығы мәселе туындаған кезде бізбен ашық сөйлесті. Ешкім өтірік айтпайды, бізде тараптардың қол қойған нақты келісім-шарты бар.
– «Таразбен» келісім-шартыңыз аяқталды. Сіз мансабыңызды қай жерде жалғастырғыңыз келеді және қандай ұсыныстар түсіп жатыр?
– Шынымды айтсам, қазір сәл демалғым келеді. Бірақ жақын арада барлық ұсыныстарды сараптап, ең жақсысын таңдайтын боламыз.
– Мансабыңызды «Таразда» жалғастыру мүмкіндігі бар ма?
– Әрине. Клуб басшылығы маған жақсы ұсыныс жасаса, жақын арада Қазақстанға оралатын шығармын.