Роберт Бауэр бельгиялық клубқа ауысты
Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.
Германиялық жартылай қорғаушы Роберт Бауэр бельгиялық «Сент-Трюйденмен» келісімшартқа қол қойды.
Бельгиялық команда футболшыны командаға көмектесу үшін алған. Себебі, Бауэр әмбебап ойыншы. Ол жартылай қорғаныста, оң қапталдағы қорғаушы және орталық қорғаушы ретінде ойнай алады.
Бұған дейін Бауэрдің Қазақстан құрамасы үшін ойнауы мүмкін деген ақпараты шықты. Өйткені, оның әке-шешесі Қазақстанның тумасы. Бірақ кеше Роберттің Қазақстан азаматтығын алу үшін бір миллион еуро сұрағаны анықталып, ҚФФ онымен келіссөз жүргізуді тоқтатқан. Ал Бауэрдің өзі бұл ақпаратты өтірік деп айтты.
26 жастағы жартылай қорғаушы өзінің мансабында «Ингольштадт», «Вердер» және «Нюрнберг» сияқты атақты клубтарында ойнады.
Соңғы екі маусымды ол Ресей біріншілігінде тулалық «Арсенал» командасы сапында өткізді.